Авторитар үрдістердің күшеюі, климат дағдарысы және халықаралық құқықтың әлсіреуі аясында Amnesty International Адам құқықтары күніне орай өздерінің дәстүрлі Write for Rights – Хаттар марафоны науқанын бастайды. Бұл бастама – құқығы бұзылған адамдарға демеу болудың, әрі түптің түбінде адамдық пен әділдік жеңетінін дәлелдейді.
Биылғы кампания әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарды әділдік, қадір-қасиет және ортақ келешек үшін бір алаңға жинайды. Норвегиядағы өз қауымдастығының жерін қорғау үшін күресіп жүрген байырғы бұғы өсіруші, Мьянмада циклон салдарын түсіргені үшін түрмеге жабылған фотожурналист, Оңтүстік Африкада мектептегі әжетхана шұңқырына құлап қаза тапқан бүлдіршін. Оларды бір арнаға тоғыстырған – құқықтарының өрескел аяққа тапталуы.
Amnesty International Бас хатшысы Аньес Калламар: «Қандай ауыр кезеңді бастан өткеріп жатсақ та, жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам бірігіп, белсенділіктің маңызын, ынтымақтың өмірді өзгертер қуатын дәлелдеп келеді. Биылғы Хаттар марафоны құрғақшылық, газ алаулары, ірі инфрақұрылымдық жобалар мен өнеркәсіптік ластануға қарамастан өз қауымын қорғап жүрген климат майданының қаһармандарына назар аударады. Оларға біздің ортақ қолдауымыз бүгінде ауадай қажет», – дейді.
Қандай ауыр кезеңді бастан өткеріп жатсақ та, жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам бірігіп, белсенділіктің маңызын, ынтымақтың өмірді өзгертер қуатын дәлелдеп келеді
Аньес Калламар, Amnesty International-дың Бас хатшысы
Оның сөзінше, тарихтың дәл осындай шешуші кезеңінде адамзат екі жолдың бірін таңдауға тиіс: не авторитар үрдістерге бой алдырып, еркіндіктен айырылу, не бірігіп қарсы тұрып, өз құқықтарын қорғау. «Бірнеше минут бөліп хат жазу, әлеуметтік желіде үн қату немесе петицияға қол қою – кез келген адамға әлемді өзгертуге, тіпті бір адамның өмірін аман алып қалуға мүмкіндік береді. Қанша қиындық болса да, адамдық қасиет үстемдік құруы керек және ақыры жеңіске жетеді», – деді ол.
Қауіп-қатердегі адамдарды қолдау
Хаттар марафоны биыл да құқықтары бұзылған адамдардың тағдырын өзгерту үшін миллиондаған адамның даусын біріктірмек.
Науқанға ұсынылған белсенділер қатарында:
- Мадагаскарда климаттық көші-қон салдарынан зардап шеккен жандарды қорғап жүрген Дамисоа;
- Оңтүстік Африкадағы балабақша аумағындағы дәретхана шұңқырына құлап қайтыс болған үш жастағы Унесебо Мботени;
- Гондураста өзендер мен ұлттық саябақты тау-кен және энергетикалық жобалардан қорғау жолында күрескені үшін атып өлтірілген Хуан Лопес;
- Камбоджаның табиғатын қорғағаны үшін қудаланған Mother Nature Cambodia экотобының мүшелері;
- Мьянмада циклон салдарын түсіргені үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылған фототілші Сай Зао Тхайк;
- Норвегиядағы саам халқының даусын халықаралық деңгейге жеткізу үшін күш салып жүрген Эллинор Гутторм Утси;
- Адам құқықтарын қорғауға өмірін арнаған тунистік заңгер Соня. Ол өз пікірін ашық айтқаны үшін бірнеше жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
- Эквадор Амазониясында газ алауларынан тараған уытты түтін мен экожүйенің құлдырауына қарсы тұрған Guerreras por la Amazonía тобы.

Эллинор Гутторм Утси үшін Хаттар марафоны аясында көрсетіліп жатқан қолдау – жаңа үміттің белгісі. Бұғы өсіріп, ата-баба дәстүрін жалғап отырған оның жері мен өмір салты бүгінде үлкен қатер алдында тұр. Норвегия билігінің жүздеген жел турбинасын салу жоспары бұғылардың ғасырлар бойы қалыптасқан көшу бағытын бұзып, бүкіл шаруашылыққа зиян келтіруі мүмкін.
Жерін де, мәдениетін де сақтап қалу үшін жел турбиналарының құрылысын тоқтатуды талап етіп жүрген Эллинор үшін бұл күрес оңай емес. Алпысқа таянған шағында ол бұл ауыр жолда барған сайын жалғыз қалып бара жатқанын сезінеді.
«Amnesty International-дың белсенділігі мен бастамама қолдау көрсетуі – мен үшін үлкен қуаныш. Күн сайын осындай күрестің алдыңғы шебінде жүрген адамдардың демеуін сезіну ерекше жігер береді», – дейді Эллинор. – «Бұл – біздің ғұмырымыз. Біз өзге өмірді білмейміз. Сондықтан жерімізді де, болашақ ұрпағымызды да қорғау үшін күресуден өзге амал жоқ».
Өзгерген тағдырлар
2001 жылдан бері өтіп келе жатқан Хаттар марафоны науқаны бүкіл әлемде миллиондаған адамды біріктіріп, құқықтары бұзылған жандардың тағдырын өзгертуге себеп болды. Осы кампанияға қатыстырылған жүзден астам адамның ісінде оң өзгеріс тіркелді.
2023 жылы Хаттар марафонының аясында Рокки Майерстің ісі кеңінен жария болды. Ақыл-есінің кемдігі бар афроамерикалық Рокки Алабамада кісі өлтірді деген айыппен 30 жыл бойы өлім жазасы камерасында отырған. Оның ісінде көптеген қайшылықтар байқалған, тергеу кезінде полиция қысым көрсеткен деген күдік те болған. Amnesty International-дың жүздеген мың жақтаушысы Роккиге рақымшылық жасау үшін хат жазып, Алабама штатының губернаторынан өлім жазасын мерзімді жазаға алмастыруды талап етті. Ақыры бұл талап 2025 жылдың ақпанында орындалды.
Роккидің күресі әлі аяқталған жоқ. Ол ісіндегі әділетсіздіктер үшін әлі де ақталуға ұмтылып жүр. Бірақ ең маңыздысы – оның өмірін үзер қауіп сейілді.
«Бұл науқан Роккидің ісіне қоғам назарын аударумен ғана шектелген жоқ. Науқан ең алдымен Роккиді адам, әке және ата ретінде қадірлеуге бағытталды», – Рокки Майерстің адвокаттарының бірі Мириам Бэнкстон.
«Көпшіліктің қолдауы Рокки үшін қаншалық маңызды болғанын жақсы білемін. Оның тағдырынабейжай қарамай, осынша адамның әрекетке көшкені — шынында да зор шабыт сыйлайтын жайт», – дейді ол.
Әділ әрі мейірімді әлем құруға үндейтін биылғы науқанға қосылыңыз. Хаттар марафоны қозғалысының бір бөлігі болыңыз.


